Дивиджоб жаңа айдар ұсынады. Енді тәжірибелі HR мамандары үміткерлер мен жұмыс берушілерге арналған пайдалы кеңестерімен бөлісетін болады. Алғашқы шығарылымда «Esentai Gourmet» компаниясының HR директоры Мустаханова Сымбат «Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар» туралы өз ойымен бөлісті.
1. Қазір қай саладағы мамандықтар сұранысқа ие?
- Бүгінде Қазақстанның еңбек нарығында жүк тасушылар, қоймашылар, ыдыс жуушылар, тазалаушылар сияқты жұмысшы мамандықтарға да, сондай-ақ data-аналитик, BI-аналитик, DevOps-инженер, motion-дизайнер сынды сандық сала мамандарына да тапшылық байқалады.
2️. Жұмыс берушілер үміткердің қандай дағдысына басымдық береді?
- Кандидаттарға сұраныс ұсыныстан асып тұрған жағдайда жұмыс берушілер талаптарын икемдеп, бизнес қажеттіліктерін жаба алатын үміткерлерді жұмысқа шақырады. Ал үміткерлер көп болған кезде жұмыс берушілер кәсіби дағдылар мен жеке қабілеттердің үйлесіміне, тәжірибе мен жоғары эмоционалды интеллектке назар аударады.
3️. Үміткерлер жұмыс берушіден не күтеді?
- Соңғы бірнеше жылда үміткерлердің жұмыс берушілерден күтетін талаптары айтарлықтай өзгерді. Қазіргі таңда үміткерлер жұмыс орнын өздері таңдайды, ал жұмыс берушілер үміткердің ұсынысқа келісім беруін күтетін жағдайлар жиілеп келеді.
4️. Сұранысқа ие үміткер болу үшін нені ескеру қажет?
· Әңгімелесу кезінде әдеп нормаларын сақтау (сөйлеп жатқан адамды бөлмеу, телефонға алаңдамау, әңгімеге қызығушылық таныту).
· Кездесу барысында сенімділік пен өз таңдауыңызды көрсете білу («жұмыс беруші мені таңдағандай, мен де жұмыс берушіні таңдаймын» деген ұстаным).
· Резюме дайындауда ChatGPT секілді жасанды интеллект қолданған жағдайда көрсетілген дағдылар мен тәжірибеңізді растай алатындай дайын болу.
· Шынайылықты сақтау. Білмейтін немесе меңгермеген нәрсені мойындаудан қорықпау. Үйренуге деген ниет маңыздырақ болып табылады, ал шынайы көзқарас әңгімелесушінің сенімін арттырады.